Атырау қаласы, Абулхайрхана 58

ПӘН ОЛИМПИАДАСЫ – БӘСЕКЕЛІК БІЛІМ САЙЫСЫ

ПӘН ОЛИМПИАДАСЫ – БӘСЕКЕЛІК БІЛІМ САЙЫСЫ

Мектеп оқушылары арасында өтетін білім додаларының ең маңыздысы да бірегейі – пәндер олимпиадасы. Пәндер олимпиадасы – дарынды оқушылардың қабілетін шыңдауға, олардың жаңа қырынан көрінуіне жол ашатын бәсекелік білім сайысы.
Атырау облысының білімді оқушылары халықаралық, республикалық білім додаларында топ жарып, ұстаздар мен ата-ана мерейін үстем етіп келеді.
2021-2022 оқу жылында облыстың 170 оқушысы республикалық пәндер олимпиадасының бірнеше түрінен 78 медаль (16 алтын, 19 күміс, 43 қола) иеленді. Жүлдегер дарынды оқушылар облыстық дарынды мектептерде, қалалық, аудандық жалпы білім беретін мектептерде білім алады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында республикалық олимпиадаларда ауылдық елді-мекенде оқитын білімді оқушылар да алтын, күміс, қола медальдарға қол жеткізгенін ерекше айтқымыз келеді. «Дарын» РҒПО-ның сараптамалық талдауына сәйкес «Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2022» атағы бойынша 1-орынмен «Білім-Инновация» лицей-интернаты, ал облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты 3-орынмен марапатталды.
Республикалық пәндер олимпиадасының қорытындысында Атырау облысының командасы үздік үштіктен көрінді. Өткен оқу жылымен салыстырғанда республикалық пәндер олимпиадасында жүлде саны 12 медальға артып отыр.
Ал халықаралық олимпиадалардың 12 түрінен еліміздің абыройын асқақтатқан облыстың 40 оқушысы қоржынға 24 медаль (1 алтын, 15 күміс, 8 қола) әкелді.
Ағымдағы жылдың шілде айында Атырау облыстық «Білім – Инновация» лицей-интернатының шәкірттері: Зауытхан Әділет Ослода өткен IMO-2022 Математикадан халықаралық олимпиадада (International Mathematical Olympiad) қола медалға, Алпамыс Ризабек Швейцарияның Цюрих қаласында өткен IРhO-2022 Халықаралық физика олимпиадасында күміс медалға қол жеткізгенін мақтанышпен айтамыз. Еске салсақ, Алпамыс Ризабек 2021 жылы да Халықаралық физика олимпиадасынан күміс медаль иеленген болатын. Аталған дарынды оқушылар Корей мемлекетіндегі UNIST (Ulsan National Institute of Science and Technology) университетіне грантқа оқуға түсті.

Бөлісу:

Өзге ақпараттар

Посмотреть на карте Атырау