Бүгін, 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының ұйымдастыруымен “Болашаққа жол өзіңнен басталады” атты екікүндік семинар-тренинг басталды.
Аталған семинар тренингке Атырау облысынан 25 оқушы қатысуда. Қатысушылар 9-11 сыныптардағы оқу озаттар, белсенді және дарынды балалардан іріктелді.
Бұл жоба Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың концептуалдық идеялары мен жаһандық бастамаларын жан-жақты насихаттайтын, Қазақстан жастарының патриоттық сезімін арттыруға және әлеуметтік-азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік мәні бар жобалардың қатарына енеді.
Жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұратын аталмыш семинар-тренинг Нұр-Cұлтан қаласында өтетін. Алайда қазіргі ахуалға байланысты вебинар түрінде өтпек.
Семинарда Тәуелсіздік дәуірі, Рухани жаңғыру болашаққа барар жол сынды тақырыптарда дәріс жүргізіліп, білікті мамандармен бірлесе жаттығулар мен тапсырмалар орындалады. Сондай-ақ қатысушылар әлеуметтік жобалар жасаумен де айналысады.






