Қарасазда өткен Мұқағали оқулары: Жас дарындардың өнер додасынан Бас жүлде!
2025 жылдың 11-12 күндер аралығы аралығында Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында Республикалық «Мұқағали Мақатаев оқулары» байқауы өтті.
Байқауға еліміздің әр өңірінен жиналған 66 оқушы өз өнерлерін ортаға салды. Дүбірлі додаға Атырау облысының атынан 2 оқушы қатысып, №36 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Нұралы Нұрмерел «Айтып өткен ақында арман бар ма?…» номинациясы бойынша Бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, «Дарын» РҒПО-ның арнайы сыйлығымен марапатталып, 100 000 теңге сертификатын жеңіп алды.
Бұл шараның негізгі мақсаты – оқушылар арасында ақиық ақынның шығармаларын насихаттау, поэзияға деген құштарлықты арттыру және өлең сөзінің құдіретін сезіндіру.
Бұл байқау жас дарындардың шығармашылығын қолдап, Мұқағали Мақатаевтың мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосуда.
Қазақ халқының жүрегіне жол тапқан Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының аспанында ерекше жұлдыз болып жарқыраған, өлеңмен өмір сүрген, өлеңмен өлмес өмір қалдырған ақын. Оның әрбір шумағы – сезім мен сырға, мұң мен үмітке толы. Оның жыры – әр қазақтың жүрегінен орын алған мәңгілік мұра.
“Қара өлеңге жаныммен жақын едім…” деп өзі айтқандай, Мұқағали — қазақ қара өлеңінің жаңа тынысын ашқан, сырлы сезім мен терең ойдың ақыны.
Дарынымен дараланған шығармашыл оқушымызды және оның жетекшісін жеңіс тұғырынан көрінумен шын жүректен ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!





