Атырау қаласы, Абулхайрхана 58

«Мың бала» олимпиадасы

«Мың бала» олимпиадасының 2025 жылғы жеңімпаздарының есімі белгілі болды

Ауыл мектептерінің 6-сынып оқушыларына арналған республикалық «Мың бала» олимпиадасы биыл да өз мәресіне жетті. Олимпиада «El Umiti» корпоративтік қоры мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды:

Бірінші кезең 2025 жылғы 1-16 сәуір аралығында онлайн форматта, прокторинг жүйесін қолдану арқылы өткізілді. Бұл кезеңде қатысушылардың логикалық және кеңістіктік ойлау қабілеттері бағаланды.

Екінші кезең 2025 жылғы 28-30 сәуір күндері аралығында ұйымдастырылып, қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитындарға), орыс тілі (орыс тілінде оқитындарға), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімдерін көрсетті.

Биыл олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2000-нан астам оқушы тіркеліп, бірінші кезеңге қатысты. Олардың ішінен ең жоғары нәтиже көрсеткен 136 оқушы финалдық кезеңге өтті.

Онлайн тестілеу нәтижесінде үздік 1000 оқушының есімі анықталды. Атырау облысы бойынша 31 оқушы жеңімпаз атанып, олардың 30-ы еліміздегі дарынды балаларға арналған жетекші білім беру ұйымдарында – Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім алуға жолдама алды.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – олардың қажырлы еңбегінің, табандылығы мен білімге деген ұмтылысының нәтижесі. Барша қатысушыларға жарқын болашақ, алдағы білім жолында толағай табыстар тілейміз!