18-22 қаңтар аралығында Атыраудағы облыстық “Білім-инновация” лицей-интернатының базасында “Edlight academy” ұйымдастырған оқушыларға арналған марафон «Hackathon» (hackathon=hack+marathon) өткен болатын.
Бұл марафонда оқушылар жас шамасына қарай екі топқа бөлінген. Жоғары сынып оқушыларына «СМАРТ үй» жасау тапсырылса, 8-сыныпқа дейінгі оқушыларға «Телеграм» мессенджерінен түрлі боттар жасау туралы тапсырма берілді.
Бес күн бойы теориялық түрде түсініп, практикада жұмыс істеген оқушылар аяқ астынан осындай бірнеше жоба жасап шықты. Бірі өздері оқитын БИЛ-дегі ережелерді білу туралы бот жасаса, келесі бірі әлемдегі кез келген қаладағы аралайтын жер туралы білуге мүмкіндік беретін ботын таныстырды.
Ал үлкендер тобы СМАРТ үйлердің бірнеше түрін құрастырған. Кейбірі дауыстау арқылы процестерді жүзеге асырса, енді бірі түймеше басу арқылы үйдегі есік-терезеге әмір бере алады екен.
Осының бәрі – небары бес күннің нәтижесі. Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Р. Сарбалин жобалар таныстырылымына арнайы барып, оқушыларды құттықтап шықты. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай жобаларды тағы да тұрақты түрде ұйымдастырып отыру туралы жоба ұйымдастырушы Ismail Gesen мырзамен келісімге келді.





