2021 жылдың 9 тамызында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов халықаралық математика олимпиадасынан Алтын жүлде алған Айбек Мырзатай мен халықаралық физика олимпиадасынан күміс жүлде алған Ризабек Алпамысты қабылдап, құттықтады. Аталған екі оқушы да облыстық «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары.
– Халықаралық білім додасында Қазақстанның атын шығарған шәкірттеріміздің жеңісі құтты болсын! Қазіргі таңда дарынды балаларға арналған 7 білім беру ұйымы бар, солардың бірегейі Білім-Инновация лицейі болып отыр. Олимпиада жеңімпаздарының осындай жетістікке жетуіне мектебінің, ұстаздар мен ата-аналардың қосқан үлесі зор. Барлығына өз ризашылығымды білдіремін – деген облыс әкімі оқушылардың ұстаздарына, ата-аналарына және Білім-Инновация лицейінің директоры Исмаил Эльмаға «Алғыс хат» пен сыйлықтар табыс етті.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының (Санкт-Петербург қ.) ұйымдастыруымен өткен биылғы олимпиадаға Айбек Мырзатайдан бөлек, 5 оқушы қатысып, барлығы да жүлдеге ие болып, 3 күміс, 2 қолаға ие болды. Айбектің өзі биылғы оқу жылының өзінде бірнеше халықаралық олимпиада жеңімпазы атанған.
2021 жылы Ә.Жәутіков атындағы математика пәндері бойынша XVII Халықаралық олимпиадасы мен ХХХIII Азия-Тынық мұхиты математикалық халықаралық олимпиадасынан күміс алса, жоғарыда айтылған ХМО-дан бөлек, 12. математикадан халықаралық XX «Жібек жолы» олимпиадасынан алтын алған болатын.
Ал 2021 жылғы 17-25 шілде аралығында қашықтық форматта өткен 51-ші Халықаралық физика олимпиадасына (IPhO-2021) қатысқан Қазақстан құрамасының қатарында болған Ризабек Алпамыс та өзінің біліктілігін бұған дейін де көрсеткен. Атап айтқанда биылғы оқу жылының өзінде Ә.Жәутіков атындағы математика, физика және информатика пәндері бойынша XVII Халықаралық олимпиададан күміс, Еуропалық физика олимпиадасынан (EuPhO) күміс, Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық пәндік олимпиаданың күміс иеленді.






