1 – маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2022 – 2023 – оқу жылында республикалық сайыстарда жеңімпаз болып танылған оқушыларға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды.
Олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.
Аталған экскурсияға Құрманғазы ауданы М.Ломоносов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нуркалиев Алмас, Исатай ауданы Аққыстау орта мектебінің 10-сынып оқушысы Есболғанов Темірлан, Атырау қаласы №41 Ә. Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназия оқушысы Қадірбай Дінмұхаммед сынды оқушыларымыз қатысты.
Шара аясында оқушылар резиденцияның бірінші қабатындағы Орталық салтанатты холл мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған «Салтанат» залын, түрлі жиындар өтетін «Шығыс», «Мрамор», «Алтын» «Доғал» және басқа да келіссөздер залдарын тамашалады, сондай-ақ кітапхананы аралап көрді.
Бұдан бөлек, оқушылар еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректермен танысты.











