Атыраудағы облыстық “Білім-инновация” лицей-интернатының базасында оқушыларға арналған марафон “Hackathon” (hackathon=hack+marathon) өтуде.
Бұл жобаның мақсаты төрт-бес күнде оқушыларға заманауи технологияларды меңгертіп, белгілі бір IT-жоба жасап шығару.
Екі күн бойы балаларға теориялық ақпараттар беріліп, қалған екі күн бойы практика жүзінде жұмыс істейді. Жобаның таныстырылымы жұма күні өтіп, марафонда жарық көрген жобаларды жұртшылықтың назарына ұсынылады.
Бұл марафонда оқушылар жас шамасына қарай екі топқа бөлінген. Жоғары сынып оқушылары “СМАРТ үй” жасаудың қыр-сырына қанық болып жатса, 8-сыныпқа дейінгілер “Телеграм” мессенджерінен түрлі боттар жасап, өз дағдыларын дамытуға кірісіп кеткен.
Таланттарды анықтау және қолдау орталығының басшысы Руслан Сарбалин бұл жобаға қызығушылық білдіріп, “Білім-инновация” лицейіне барып, арнайы танысып шықты.
Жоба ұйымдастырушысы Ismail Gesen мырзаның айтуынша, бұл жобаның оқушыларға арналған өзге тренингтерден айырмашылығы, әуелі жобаның өзін көрсете отырып, соны оқушылардың өзі де жасай алатынына сендіруінде және оған қолдау мен мүмкіндік беруінде дейді.
Расында да бұрын технологиямен мүлде таныс емес оқушылар төрт күннің ішінде заманауи технологиялық құрылғы жасап шығарғаны таң қаларлық жайт. Бұдан кейін олардың одан сайын құлшынысын арттырып, технологияға деген махаббатын арттыратыны сөзсіз.







