Ағымдағы жылдың 12-14 қаңтар аралығында Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Руслан Сарбалин және «Дарынды балаларды қолдау бөлімінің» басшысы Лаура Нәсиева Нұр-Сұлтан қаласында іс-сапармен болды.
Бұл сапардың мақсаты – облысымыздағы жаңадан ашылған орталықты таныстырып, әрі әріптестермен тәжірибе алмасу болатын.
Бірінші кездесу республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының басшысы Ақжол Боранбаймен болды. Руслан Сарбалин орталықтың жұмысы мен алдағы жоспарларымен таныстырды. Ақжол Аманжолұлы атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, өзінің бірқатар тәжірибе-кеңесімен бөлісті.
Қазіргі таңда дарынды оқушылардың қатары мол болғанмен, әлі де таса қалған таланттардың көп екеніне, соларды қалайда жарыққа шығарудың жолдарын атап өтті. Таланттарды қолдау орталығы олимпиаданы өткізіп қана қоймай, мектептердің өз ішінде олимпиаданы қолдау орталығын күшейтіп, сондай-ақ әр конкурс, байқау, олимпиадалар туралы ақпаратты кеңінен таратып, оқушылардың барлығын ақпаратпен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлу керектігін айтты.

Бұдан кейін біздің делегация «Астана Дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық қолдау орталығына барып, жұмыстарымен танысып қайтты. Астаналық әріптестердің тәжірибесіндегі мектептердегі «Ғылыми қоғамдардың» жұмысын күшейтуге көңіл бөлу туралы ұсынысы ұнады. Бұл балалардың ғылымға деген қызығушылығы мен бағытын ұштауға үлкен ықпалын тигізеріне көз жеткізді.


Бұдан кейін Астанадағы “Білім-Инновация” лицейінің де жұмыс-тәжірибесімен танысудың сәті түсті. Қазақстанның білім тарихында жетістіктер дәстүрі бар мекеменің білім жүйесі қашан да қызық болары сөзсіз. Оның үстіне осы мектепте атақты ұстаз, «Әлем мұғалімі» атағының иесі, есімі Гиннес рекордтар кітабына енген Муаммер Гүл мырзамен танысып, пікір алмасу болды.

Муаммер мырза алдағы уақытта Атырауға келіп, өз тәжірибесімен бөлісу туралы Руслан Құрманғалиұлының ұсынысына келісім берді. Бұл өз кезегінде облысымыздың мұғалімдері үшін жаңа серпіліс берері сөзсіз.

Келесі кездесу «Edlight» академиясында болды. Олимпиадалық резервтер дайындайтын осы ұйым мен Таланттарды анықтау және қолдау орталығы арасында алдағы уақытта атыраулық оқушыларға да көмектесуі туралы келісім жасалды.






