Атыраулық оқушы Ғалымов Бақтияр республикалық XIX Президенттік олимпиадада І орын иеленіп, жеңіспен оралды.
9 – 13 қараша күндері Астана қаласында 11-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткен білім додасына еліміздің әр өңірінен 188 оқушы қатысты. Нәтижесінде №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ғалымов Бақтияр үздік нәтиже көрсетіп, олимпиада жеңімпазы атанды.
13 қараша күні елордадағы №33 «Келешек мектебі» базасында өткен салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары табысталып, алтын, күміс және қола медальдар тапсырылды.
Жеңімпазды Атырау теміржол вокзалында мектеп ұжымы, ұстаздары мен оқушылар салтанатты түрде қарсы алды. Жиналған қауым Бақтиярды айтулы жетістігімен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді.
Бұл – жас өреннің табандылығы мен ізденісінің, сондай-ақ оған бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен ұстаздарының еңбегінің жемісі. Бақтиярдың жеңісі – мектеп ұжымы мен Атырау өңірі үшін зор мақтаныш.
Жерлестерінің мерейін өсірген жас жеңімпазға алдағы білім жолында толағай табыс тілейміз







