Бүгін 15 маусым күні сағат 14:00-де бастауыш сынып оқушыларына арналған “Бастау” республикалық математикалық турнирі ресми түрде ашылды. Турнир 19 маусымға дейін жалғасады.
“Бастау” республикалық математикалық турнирі бастауыш сыныптардан математикадан дарыны бар оқушыларды анықтап, қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Сонымен қатар, оқушылардың жеке және командалық жарыстарға қатысу дағдысын қалыптастырады.
Турнир екі кезеңнен – іріктеу (облыстық) және қорытынды (республикалық) кезеңнен тұрады.
Атырау облысы бойынша республикалық кезеңге екі команда – Атырау қаласы (орысша), Исатай ауданының командасы (қазақ) жолдама алды.
Әрбір команданың құрамы мынадай болуы керек:
4 адам: 1 команда жетекшісі (жаттықтырушы) және 3 оқушы (2 сынып – 1 оқушы, 3 сынып – 1 оқушы, 4 сынып – 1 оқушы). Команда жетекшісі (бастауыш сыныптың мұғалімі, математика пәнінің оқытушысы, әдіскер, математика үйірмесінің жетекшісі) бастауыш мектептің математика пәнінің мұғалімі болуы міндетті.
Турнир 3 турдан тұрады:
1-тур: “Әу, баста!” (командалық жазбаша олимпиада)
2-тур: “Асық” (командалық ауызша олимпиада)
3-тур: “Бәйге” (жекелей ауызша олимпиада)
Командалық және жекелей сынақтар бойынша жүлдегерлер “Дарын” РҒПО дипломдарымен марапатталады.






