22 сәуірі күні онлайн форматта өткен ІV республикалық «Қадыр оқулары» байқауына атыраулық оқушылар жүлдеге ие болды.
Байқау жыл сайын Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізіліп келеді.
Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 42 оқушы байқауға қатысты.
«Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы…» бөлімінде Атырау қаласы, №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Темірхан Әли (жетекшісі – Саркулова Күміс Сисеновна) “Алғыс хатпен” марапатталса, «Сөзім барда – өзім бар» номинациясына қатысқан Индер ауданы, Ынтымақ ауылы Ә.Кекілбайұлы атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әлжанова Қарақат (жетекшісі – Таментаева Зоя Айесқызы) ІІІ орын иеленді.
Сондай-ақ Zoom видеобайланысы арқылы ұйымдастырылған «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» бөлімінде Жылыой ауданы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Салауатұлы Ернұр (жетекшісі – Билбаева Айша) жүлделі екінші орынға ие болды.














