12 – қазан күні «Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы» базасында жалпы білім беретін мектептердің 8 – 10 – сынып оқушылары арасында облыстық «Балалар оқулары» байқауы өтеді.
Байқау білім алушылардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, еліміздің әдебиеті мен жазушылар шығармаларын зерделеуге шақыру, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Байқауға қалалық, аудандық кезеңінің жеңімпаздары қатыса алады.
Байқау қазақ тілінде өтеді. Оқушылар 2023 жылғы маусым – қыркүйек айларында, жас ерекшелігі мен оқу бағдарламасына сәйкес «Әдебиет порталы» интернет – жобасында жарияланған, қазақстандық және шетелдік кітаптардың сілтемелері арқылы әдеби кітаптарды оқып, дайындық жұмыстарын жүргізеді:
8 – сынып – «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында жасөспірімдерге арналған кітаптар (Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» тарихи туындысының І кітабы және Джек Лондонның «Теңіз қорқауы» романы);
9 – сынып – «Ғасырлар тарихты жырлайды» тақырыбында жасөспірімдерге арналған кітаптар (Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы және Роберт Льюис Стивенсонның «Қазына аралы» романы);
10 – сынып – «Ұлы Дала ұлағаты» тақырыбында жоғары сынып оқушыларына арналған кітаптар (Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер 2. Жанталас» романы және Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» романы).
Облыстық «Балалар оқулары» байқауының жүлдегерлері қазылар
алқасының шешімі бойынша Атырау облысы Білім беру басқармасы «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады.
Байқауда бақ сынайтын оқушыларымызға сәттілік тілейміз!